You are here

Астанада «Ұлы дала елі» форумы өтті

Арқа төсіне 600-ге жуық кәсіпкер жиналып, бизнестің өркендеуіне қолбайлау болған түйткілдерді талқылады.

«Қазақстан – ұлы дала елі!». Көп ұзамай әлем жұрты бізді отандық өнімдеріміз арқылы осылай таниды. Осы аптада Елордада ерекше жиын өтті. «Ұлы дала елі» форумы деген. Арқа төсіне 600-ге жуық кәсіпкер жиналып, бизнестің өркендеуіне қолбайлау болған түйткілдерді талқылады. 

Бұдан бөлек, отырыста Алаш жұртын жаһанға жария ететін жақсы бір бастаманың алғышарты жасалды. Тұңғыш рет отандық тауар өндірушілерге жаңа брендтің логотипі таныстырылды. 

Жиынға жетекшілік еткен кәсіпкерлер палатасы, бұл брендтің басқа брендтерден мән-мағынасы ерек екендігін айтты. Себебі, тауар белгісін иеленген компанияға артылатын жауапкершіліктің жүгі ауыр. 

Бренд сыртқы сауда нарығында «Ұлы даланың өнімдері» ең сапалы, ең өтімді әрі бағасы да қолжетімді деген түсінік қалыптастыруы қажет.

Айдана Үсенбай, тілші: «CHANEL». «Gucci». «Versace». Әуелгісін айтқанда көз алдыңызға еріксіз Франция елестесе, соңғы екеуі Италияны еске салады. Бұл маркетологтардың тілімен айтқанда «Ассоциация».

Яғни, бір затты басқа затпен байланыстыру. Осы арқылы Италияның етіктері ең сапалы, ал Францияның әтірлері хош иісті деген түсінік қалыптасқан. Бұл - брендтің бір артықшылығы. 
Екіншіден, бүгін мен дүкенге киім алуға келдім делік. Араладым, бағаладым. Бірақ, он көйлектің ішінен мынаны таңдадым. Себебі, бренд маған таныс, әрі ол өнімнің сапасына кепіл береді. Яғни, қалған көйлектер мына тауармен бәсекелестікке төтеп бере алмады.
Демек, «брендтің» бизнесмендерге берері көп. Ал, кәсіпкердің қалтасы қалыңдаған сайын, сол елдің экономикасы өркендей беретіні сөзсіз. Қазақстан қазір ерекше кезеңді өткеріп жатыр. Өтпелі кезеңнен - етек-жеңді жиып, еңселі шығу - басты меже. Сондықтан, жаңа брендтің қалыптасуы еріккеннің ермегі емес. Бұл уақыт талабынан туындаған жоспар.

Сергей Терещенко, ҚР «Атамекен» ҰКП төралқа мүшесі:
Біз шикізат ресурстарына ғана тәуелді экономика құрмауымыз қажет. Өзіңіз білесіз қазір шикізатқа деген сыртқы саудадағы сұраныс азайды. Бұрынғы кіріс жоқ. Ал бюджетті әрдайым толтыру, әлеуметтік бағдарламаларды орындау керек. 

Бірақ, бұл енді елдегі кез келген тауар бренд бола беретіндігін білдірмейді. Тек сапасында мін жоқ әрі халық тарапынан мойындалғаны ғана «Ұлы даланың өнімі» аталады. Кәсіпкерлер форумында осыған ерекше мән берілді. Себебі, бір белгіге өндіріс орнының беделі байланады. Қазақстандық тауарлар туралы жаһандық пікір қалыптасады.

Нұржан Әлтаев, ҚР «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары:
Елбасы айтты, әр мемлекет өз белгісімен ерекше. Мәселен, Жапония, «Страна восходящего солнце», Оңтүстік Корея «Страна утренней свежости», Қытай «Аспан асты елі». Ал, Қазақстан болса «Ұлы дала елі». Оны алу үшін тауар Қазақстанда жасалуы қажет. Екіншіден оның сапасы жақсы болу керек. Үшіншіден ол тауарды халық мойындауы қажет.

Қойылған талап халыққа түсінікті болу үшін «атаменкендіктер» бірнеше мысал келтіріп, таңдаулы тауарларға тоқталды. Соның бірі «Рахат» фабрикасының өнімдері. 

1942 жылы тек шоколад өндіретін. Қазір, тұтынушыға тәттінің 250-ден астам түрін ұсынады. Жылына 47 мың тонна тауар өндіріп, тәттілерін Тәжікстан, Ресей, Германия, Моңғолия, Қытай әрі Ауғанстанға экспорттайды. 

Александр Зенков, «Рахат» АҚ басқарма төрағасы:
Біз инвесторлармен тығыз жұмыс істейміз. Былтыр осы бірлестіктің арқасында Алматы және Шымкент қалаларындағы кешендерді модернизациялау жұмыстарын жүргіздік. Оның бірі сағатына 600 келі өнім өндірсе, екіншісі 1,5 тонна шығаруға қауқарлы.

Ұлттық бренд бет алды үлестірілмеуі үшін Үкімет арнайы комиссия құрды. Топ мүшелері бәсекенің ашық әрі әділ өтуін жіті қадағалайды. Сауда нарығында заңсыз әрекеттерге барып, айласын асырамын, дейтіндердің жолын кеседі.

Нұржан Әлтаев, ҚР «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары:
Қазір беріліп жүрген СТ-KZ сертификаты тауардың Қазақстанда жасалғанын білдіреді. Сол сертификатты алған кәсіпорындарды біз жақында тексердік. 95 кәсіпорынды тексердік. Оның 55-сі қазақстандық емес болып шықты. 

«Алма піс, аузыма түс», деген дәурен өтті қазір. Өнімді өтімді ету үшін тапқырлық таптырмайтын қасиет. Форумда кәсіпкерлердің маркетинг саясатын жіті меңгеріп, өзге елдің бизнесмендері құсап қулыққа да баруы құптарлық іс делінді. 

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:
Беларустық сүт өнімдерін өндірушілер өздерінің қаптамаларын қазақстандық өндірушілер секілді безендіріп жатыр. Олар өнімдеріне қазақша атау беріп, артына ұсақ әріптермен Беларусь өндірілген деп жазады. Алайда, біз кез келген өнімді сатып аларда оның қай жерде өндірілгеніне қарай бермейміз. Бастысы, тауардың атауына ғана мән береміз.

Жиын тауар өндірушілер мен тапсырыс берушілердің 10 миллиард теңгенің 29 ұзақмерзімді келісімшартын бекітуімен аяқталды. Ал, сапа белгісі келер жылдан бастап беріледі. Қойылатын талаптар мен өтініш мерзімін кәсіпкерлер қойын дәптерлеріне түртіп алды. Өйткені, ұлттық брендке әркімнің-ақ таласы бар.

Дата создания:

08 желтоқсан 2015

ҚАЗАҚСТАН

Видеоурок 21. Оформление онлайн-заявки на конкурс-выставку Лучший товар Казахстана

Премия "Алтын сапа" - 2021

Сілтемелер