You are here
«Ақ ерке» үлкен үйі
«Ақ ерке» үлкен үйі
Елена Венгерская, «Ақ Ерке и К» ЖШС негізін қалаушы және директоры, Қостанай облысы «Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, Қостанай қалалық мәслихатының VII шақырылымының депутаты
Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы «Алтын сапа» басты республикалық байқауының аясында «Іскер» сыйлығы байқау өткен жылдар ішінде алғаш рет бастауыш мектеп жұмысын ұйымдастыру бойынша білім беру жобасына берілді. «Іскер» сыйлығы қызметінде табысқа жеткен және өз ісін үнемі жақсартуға ұмтылатын кәсіпкерлерге беріледі. «Ақ Ерке и К» ЖШС, құрылтайшы құрған жобаның жоғары деңгейде өсуге, кәсіпкер үшін даму көкжиегін кеңейтуге және қалаған нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік беретін қадамға айналуының айқын мысалы болып табылады. Белгілі ұстаз және қоғам қайраткері Елена Владимировна Венгерская 24 жыл бойы «Ақ ерке» білім беру орталығын құрып, оны үздіксіз басқарып келеді. Оның жетекшілігімен бірегей мектепке дейінгі тәрбиенің жалғасы ретінде «Ақ ерке», «Еркемай», «Премиум Ақ Ерке» балабақшалары мен бастауыш мектеп жұмыс істейді.
Біз Елена Владимировна Венгерскаямен білім беру саласындағы бизнестің ерекшеліктері туралы, негізгі клиенттердің — балалар мен олардың ата-аналарының үміттерін қанағаттандыру туралы және кәсібилік пен шабытты біріктірудің маңыздылығы туралы сөйлесеміз.
2022/2023 оқу жылында жұмыс істеп тұрған 7 687 мектепте 3,7 миллион оқушы болды, ал сыныптардың толып кетуіне қарамастан, кейбір оқу орындарында үш ауысым мәселесі енді ғана шешілді. Болжамдар бойынша 2026 жылы 4,3 миллион оқушы мектеп партасында отырады. Оқу орынның тапшылығы жұмысы тым көп ұстаздардың жұмыс сапасын қиындата түсетіні анық. Жаңа мемлекеттік мектептерді салумен қатар, жекеменшік балабақшалар мен мектептерді ашу жақсы шешім болып табылады. Олардың саны соңғы жылдары қарқынды өсіп, олқылықтың орны толып, мектепке дейінгі және орта білім беру саласында бәсекеге қабілетті орта қалыптасты. Елена Владимировна Венгерская бұл бағытта республикада алғашқылардың бірі болды, ал «Ақ ерке» Қостанайдағы алғашқы жеке білім беру орталығына айналды.
— Елена Владимировна, жеке бастауыш мектепті құруға не түрткі болды? 2000 жылдардың басында бұл жаңашылдық болды…
— «Ол кезде біздің «Ақ ерке» балабақшасының жұмыс істеп жатқанына төрт жыл болды, онда біз болашағы бар жаңашылдықтарды сәтті енгізіп, қызықты, тиімді әдістерді қолданып, нәтижесінде жақсы жетістіктерге қол жеткіздік. Оқушыларымыздың ата-аналары «Ақ ерке» балабақшасы жұмыс істейтін стандартқа сай мектеп табу оңай емес деп алаңдай бастағанша мектеп ашу туралы ойлаған жоқпын. Шынында да, алғашқы мектеп жылдары баланың болашақтағы бүкіл білімін анықтайды, сондықтан қамқор ата-ана мектепті және мұғалімді мұқият таңдайды. Біздің мектепке дейінгі білім беру жүйесі келесі оқуға өтуге дайындықты ескере отырып салынған. Мен өзімнің бастауыш мектебімді ашу идеясына біртіндеп келдім. Мұғалімдеріміз қажетті біліктілікке ие болып, орынжай анықталып, кітапхана жинақталғаннан кейін біз лицензия алып, жұмыс істей бастадық.
– Соңғы жылдары сіздің ізіңізді басқан көптеген ізбасарлар мен бәсекелестеріңіз пайда болды. Сіздердің артықшылықтарыңыз қандай?
– Барлық мектептер сияқты біз де мемлекеттік стандарт аясында жұмыс істейміз, бірақ нәтижеге жету үшін ізгі педагогика қағидаттарын сақтай отырып, әрқашан үздік педагогикалық жаңалықтардың алдыңғы қатарында болуға ұмтыламыз. Біздің мектеп әу бастан-ақ өзіміздің инновациялық әдіс-тәсілдерімізді сынайтын алаң болды. Біз балалардың интеллектісінің дамуына ықпал ететін ең тиімділерін қабылдадық. Бүгінгі таңда уақыт талабына сәйкес әдістерді белсенді түрде қолданып жатырмыз, бұл мұғалімдерді дамытуға ынталандырады, олардың күнделікті жаттығуларын белгілі бір дәрежеде жеңілдетеді және оқушылардың жаңа инженерлік дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.
Біз балаларды кітап оқуға үйретуге тырысамыз, өйткені бүгінгі таңда оқуға құлықсыздық үлкен мәселе, ал кітап оқу дегеніміз бұл автормен диалог, басқа тұлғаны қабылдау, басқа көзқарасты түсіну. Мектепте біз әр апта сайын оқуды белгілі бір авторға арнап, өлеңдер, ертегілер, сыныптан тыс бағдарламадан шығармалардан үзінділер оқимыз. Ата-аналарды кітап оқуға дағдыландырамыз.
Жалпы, ата-аналармен көп жұмыс жасаймыз. Себебі олардың қолдауынсыз мектептің барлық күш-жігері бекер болады. Осылайша Step by Step бағдарламасына сәйкес, ата-ана тәрбиесі сабақтарын тәжірибеге енгізіп, анасы немесе әкесі сабақта өздерінің сүйікті істері туралы әңгімеледі. Біреу мысалы, Рерихтің жұмысына қызығып, альбомдар мен репродукцияларды әкелді. Біреу ағаш оюмен айналысты. Бір әке ғарыш туралы көп білетін болып шықты және балаларға көп материалды әкеліп, тіпті бәрін қоюға орын болмады. Бір баланың анасы ән айтуды жақсы көргендіктен барлығы онымен бірге ән айтты. Ең маңыздысы сабақта үлгерімі нашар немесе сыныпта тыныш болған балалардың осындай ата-ана сабақтарынан кейін өздеріне деген сенімі артты.
Біздің маңызды артықшылығымыз, оқушылардың таңертеңгі сегізден кешкі жетіге дейін мектепте болуы: сабақтан соң үй тапсырмасын орындайды, сүйікті істерімен айналысады және жай демалады. Мұғалімдер күні бойы балалармен бірге болады және барлық іші-сыртқы қызығушылықтарын, қиындықтарын, мүмкіндіктерін біледі. Демек, тек оқу бағдарламасын меңгертуге көмектесіп қоймай, бүкіл педагогикалық кешен қамтылады. Бұл оқу-тәрбие жұмысы, шығармашылық даму, қажет болса оңалту (бізде логопед, дефектолог, психолог бар).
– Ата-аналардың балаларын «Ақ еркеге» бергісі келетіні түсінікті. Сіздің балаларыңыз мектепке қалай қарайды?
– Алдымен «Ақ еркенің» жұмысына тоқталсам. Мектептегі таңғы уақыт ойыннан басталады, әсіресе ерте келген балалардың бірден көңіл-күйлері көтеріледі. Бізде жақсы ас үйде таңғы аста, түскі аста және кешкі аста балалар дәмді және пайдалы тағамдарды жейді. Оқу-тәрбие процесінде мұғалімдеріміз ойын сәттерін пайдаланады. Бұл біздің ережелеріміздің бірі – ойнай отырып үйретеміз. Сабақтан кейін бірден мектепте секцияға немесе үйірмеге баруға болады, әр түрлі үйірмелер бар. Олар музыка, вокал, көркемсурет студиясы, футбол, жылдам оқу, шахмат. Ондаған үйірме жұмыс істейді.
Баланың, әсіресе бастауыш сынып оқушысының мектепке деген көзқарасы оның мұғаліммен қарым-қатынасына байланысты. Сондықтан тез өзгеріп жатқан заман талабына сай, жаңа нәрселерді үйренуге және басқаша үйретуге дайын, көзі ашық мамандарды таңдаймын. Өмірге, еңбекке, балаларға деген сүйіспеншілік міндетті. Қазіргі балаларға өкінішке орай жиі жылулық жетіспейді, мектепте көп уақыттарын өткізетін оқушыларды жылулыққа бөлейміз. Бүгінгі таңда мектебімізде пікірлес адамдар ұжымы жұмыс істейді, олар үшін бала әрқашан оқу-тәрбие процесінің ортасында.
Әрине, бұл тәсілдің әсері бар. Дегенмен, барлығын дұрыс атқарып жатқандығымыздың көрсеткіші ретінде оқушыларымыздың күлкісіне ғана сенім білдірмей, Астанадан келген бір топ психологқа арнайы зерттеуге тапсырыс бердім. Бұл мұғалімдерді, оқушыларды, ата-аналарды және мені сынақтан өткізген мамандардың көп еңбегі болды. Зерттеу көптеген жаңа нәрселерді анықтап, ата-аналар баласына басқа көзқараспен қарай бастады. Мен мұғалімдердің әлеуетін көрдім, ал мұғалімдер өздері үшін жаңа мүмкіндіктерді көрді. Ал бұл жанымызды жылытатын және бізді бұдан да көп, тіпті жақсырақ жұмыс істеуге ынталандыратын нәрсе, біздің балаларымыздың 98 пайызы мектепті жақсы көретіні анықталды.
Ата-аналар бізге сенеді, балалар үшін әрі қарай білім алудың берік іргетасы қаланып, олар қысым көрмей өседі. Бұл біздің алға қойылған міндеттерді тиімді орындап, оқу орнының бастапқы деңгейіндегі мақсатын ұстанғанымызды білдіреді деп ойлаймын. Біздің тәжірибеміз мектепке дейінгі кезеңнен бастап бастауыш мектеп кезеңіне дейінгі педагогикалық процестің тиімді нәтижесін көрсетеді. «Ақ ерке» оқушыларымыздың үлкен шаңырағы, болашаққа игі бастама беретін шаңыраққа айналды.
– Шығармашылық жоспарлар туралы сұрақ…
- Адамдар мен жағдайлар менің одан әрі дамуыма итермелейді. Балалардың қажеттіліктерін көріп, болашақты ойлайтын ата-аналарды сеземін, сондықтан қосымша білім берумен қамтуды ұлғайту және балалардың өз қабілеттерін дамытатын кеңістікті кеңейту жоспарлары бар. Бұл ересек өмірде табысқа апарар жол… Балалар өсіп, биіктерге жетеді. Ал олардың жетістіктері біздің мақтанышымыз.
Елена Венгерская: «Әлемді жақсырақ етеміз»
Е.В. Венгерскаяның негізгі ұстанымы– мұқият іріктелген, жоғары кәсіби педагогикалық ұжымды шебер басқару, жеке тұлғаның тұрақты дамуы, балалармен жұмысты ұйымдастырудағы жаңашыл көзқарас. Елена Владимированың білім саласындағы еңбек өтілі 44 жылдан асады. Ол гуманитарлық педагогика қағидаттарына берік және білім беру жүйесіндегі инновациялық шешімдерден қалыс қалмауға ұмтылады.
Елена Венгерская өзін қоғамдық өмірде белсенді түрде көрсете білді: қалалық мәслихаттың VII шақырылымының депутаты болып сайланды, Қостанай облысының «Атамекен» ҰКП Өңірлік кеңесінің мүшесі және Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, «Жастар орталығы» ҚБ төрайымы, «Білім әлемі» жеке білім беру ұйымдары қауымдастығының президенті.
Елена Владимировна құрған «Ақ ерке» білім беру орталығының тиімділігі түрлі деңгейдегі көптеген байқауларда өз бағасын алды. Мектепке дейінгі ұйымдардың ІІ халықаралық байқауында «Үздік балабақша директоры», «Мектепке дайындық бойынша үздік педагог», «Үздік балабақша» аталымдары бойынша жеңіс. «Біз жүрегімізді балаларға береміз» XI Бүкілресейлік кәсіби шеберлік байқауында бірінші орын, халықаралық мамандандырылған байқауларда көптеген алтын медальдар, Қазақстан Республикасының «Білім беру саласында мақсатқа жету» сыйлығы және т.б.
Ақпарат "Успех" журналынан алынды
Дата создания: 19 наурыз 2024