
Отандық тауар өндірушілер Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы мен «Қазақстанның ең үздік тауары» республикалық байқауына қатысуға өтініш бере алады.
Еліміздің түкпір-түкпірінде әлеуетті қатысушылар үшін оқу семинарлары өткізілуде. Бірінші болып Қарағанды кәсіпкерлері байқаудың шарттары мен ережелері туралы ақпарат алды. Өңірлік кәсіпкерлер палатасында бизнестің өкілдеріне байқауларды өткізу тәртібі мен ережелері түсіндіріліп, ұйымдардың өздігінен бағалау әдістемесімен таныстырылды.
«Біз халық тұтынатын тауарлар өндірушілерін байқауларға қатысуға белсене шақырамыз. Бізге өзіміздің отандық маркалар қажет. Біздің өңірде көптеген тауарлар шығарылады – гигиеналық құралдар, тоқыма өнімдері, аяқ киім, киім-кешек, тұрмыстық заттар және т.б. Егер сіз осы тауарлардың бірін шығаратын болсаңыз, байқауға қатысу қажет. «Қазақстанның ең үздік тауары» байқау-көрмесі – қалалық мереке, үлкен шара. Міне, осында сіз танымалдыққа ие бола аласыз», - дейді Кәсіпкерлер палатасының сертификаттау бөлімінің сарапшысы Татьяна Юн.
Семинарға 20-ға жуық кәсіпорын қатысты.
Адам капиталын дамыту департаментінің сарапшысы Мадина Мұқатова өз түсініктемесінде «Алтын сапа» Президент сыйлығына қатысатын кәсіпорындар, ал «Қазақстанның ең үздік тауары» көрмесіне тауарлар бағаланатынын атап өтті. Сарапшы өз сөзінде түрлі көрмелер мен премиялардың айырмашылықтарын, «Алтын сапа» мен «Қазақстанның ең үздік тауары» байқауларына қатысудың қандай артықшылықтары бар екенін түсіндірді.
Еске салсақ, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, 2015 жылдан бастап Президенттің «Алтын сапа» сыйлығы мен «Қазақстанның ең үздік тауары» көрмесін ұйымдастырушы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» болып табылады. Бұл НПП үшін үлкен құрмет әрі маңызды жауапкершілік. Байқау биыл 11-ші рет өткізіледі. Сонымен қатар, өткен жылдан бастап байқауға тек ірі және орта бизнес ғана емес, жеке кәсіпкерлер де қатыса алады.
Бұл байқаудың негізгі мақсаттары мен міндеттері отандық тауар өндірушілерді импортқа қарсы бәсекеге тарту, отандық өнімдерге деген сенім тапшылығын жою, кәсіпорындарды өнім сапасын арттыруға ынталандыру болып табылады.
Көрмеге қатысу тегін.
Байқау жеңімпаздары дипломдармен марапатталып, жыл соңында Астанада өтетін «Қазақстанның ең үздік тауары» республикалық байқау-көрмесіне қатысуға құқық алады.
Байқауға өтініштер 1 шілдеге дейін қабылданады. Байқаулар туралы толық және өзекті ақпарат әрқашан біздің сайтымызда қолжетімді.