«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 1 тамыздан бастап «Адал Азамат» атағын беруге өтінімдер қабылдау басталатынын хабарлайды.
Конкурс Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік субъектілері арасында бизнесті адал жүргізу, әлеуметтік жауапкершілік, ашықтық, экологиялық мәдениет, қайырымдылық қызметі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық қағидаттарын насихаттауға бағытталған.
Қатысуға қызметін кемінде үш жыл жүзеге асыратын микро, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері шақырылады.
Атақ беруге үміткерлер келесі критерийлердің біріне немесе бірнешеуіне сәйкес келуі керек:
- қоғамдық маңызы бар және экологиялық бастамаларға, оның ішінде «Таза Қазақстан» акциясына қатысу;
- экологиялық проблемаларды шешуге бағытталған (оның ішінде таза технологияларды пайдалану, тұрақты өндірістік процестерді қалыптастыру, зиянды шығарындыларды азайту, инновациялық шешімдерді қолдану және т.б.) енгізілген және/немесе іске асырылатын жобалардың болуы;
- дүлей зілзалалардың (су тасқыны, өрт және өзге де төтенше жағдайлар) салдарын жоюдағы белсенді әлеуметтік ұстаным;
- қайырымдылық және әлеуметтік бастамаларға қатысу.
Конкурс екі негізгі бағыт бойынша өткізіледі:
- Бизнестің экологиялық жауапкершілігі
- Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі
Әр бағыт бойынша қатысушылардың санаттары бойынша үш сыйлық тағайындалады.
Конкурс өткізу тәртібі:
Өтінімдерді қабылдау 1 тамыздан 1 қазанға дейін https://altynsapa.kz/ ресми сайтында электрондық форматта жүзеге асырылады.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі ағымдағы жылдың 31 желтоқсанынан кешіктірілмей салтанатты түрде өткізіледі.
«Адал Азамат» конкурсы кәсіпкерлерге орнықты даму, бизнесті адал жүргізу және әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарына адалдықтарын көрсетуге, сондай-ақ қоғамның дамуына қосқан үлесі үшін қоғамдық мойындауға мүмкіндік береді.



