Өнімдер мен көрсетілетін қызметтердің сапасы саласындағы жетістіктері үшін 2027 жылғы ТМД сыйлығына өтінімдер қабылдау басталды

Қазақстан Республикасында өнімдер мен көрсетілетін қызметтердің сапасы саласындағы жетістіктері үшін 2027 жылғы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы сыйлығын иеленуге арналған XI конкурсқа өтінімдер қабылдау басталды.

ТМД сыйлығы өнімдер мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруда, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және сапа менеджментінің жоғары тиімді әдістерін енгізуде елеулі нәтижелерге қол жеткізген ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ұйымдарына конкурстық негізде екі жылда бір рет беріледі.

Конкурс өнімдер мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, ТМД-ға қатысушы мемлекеттер кәсіпорындарының экспорттық әлеуетін дамытуға, сондай-ақ сапаны басқарудың заманауи әрі тиімді тәсілдерін енгізуді ынталандыруға бағытталған.

Қазақстан Республикасынан конкурсқа Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын иелену конкурсының лауреаттары және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсының дипломанттары қатыса алады.

Бұл ретте қатысушылар кемінде екі жыл бойы өндірілетін өнімнің немесе көрсетілетін қызметтердің жоғары сапасын қамтамасыз етуі, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы кемінде екі мемлекетке өнім жеткізуі немесе қызмет көрсетуі тиіс.

Сыйлық қызметкерлерінің саны 250 адамға дейінгі және 250 адамнан асатын ұйымдарға қызметтің үш бағыты бойынша беріледі: өндірістік мақсаттағы өнім өндіру, халық тұтынатын тауарлар өндіру және қызмет көрсету.

Конкурс екі кезеңде өткізіледі. Бірінші кезеңде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ұлттық органдары үміткерлерді Сыйлықтың белгіленген критерийлері бойынша бағалап, финалистерді айқындайды. Әр мемлекеттен екінші кезеңге қатысу үшін әр санат бойынша екі ұйымнан артық ұсынылмайды.

Екінші кезеңде конкурс қазылар алқасы финалистердің материалдары мен ұлттық органдардың сараптамалық қорытындыларын қарайды. Финалистерді бағалау ТМД-ға қатысушы басқа мемлекеттердің өкілдері қатысатын сараптамалық комиссиялар арқылы жүргізіледі. Сыйлық лауреаттары мен дипломанттары атақтарын беру туралы шешімді конкурс қазылар алқасының ұсынуы бойынша ТМД Экономикалық кеңесі қабылдайды.

Сыйлық лауреаттарына белгіленген үлгідегі дипломдар мен жүлделер, ал дипломанттарға дипломдар табысталады. Сонымен қатар лауреаттар Сыйлық берілгеннен кейін үш жыл бойы ТМД сыйлығының эмблемасын жарнамалық мақсатта пайдалану құқығына ие болады.

Еске сала кетейік, 2025 жылғы ТМД сыйлығын иеленуге арналған X конкурстың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы конкурсқа қатысу тарихындағы ең жоғары нәтижеге қол жеткізіп, бес марапат иеленді. «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС және «НПО Дефектоскопия» ЖШС лауреат атанды. «Бёмер Арматура» ЖШС, «РУБИКОМ» кәсіпорны ЖШС және «БатысМұнайГазЖабдықтары» ЖШС дипломант атанды.

Бұл нәтиже қазақстандық кәсіпорындарда сапа мәдениетінің жоғары деңгейде дамығанын айғақтап, отандық өнімдер мен көрсетілетін қызметтерді ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің нарықтарында ілгерілетуге қосымша мүмкіндіктер ашады.

Белгіленген талаптарға сәйкес келетін «Алтын сапа» конкурсының лауреаттары мен «Қазақстанның үздік тауары» көрме-конкурсының дипломанттарын 2027 жылғы ТМД сыйлығын иелену конкурсына қатысып, Қазақстанның сапа саласындағы жетістіктерін халықаралық деңгейде танытуға шақырамыз.

Қазақстандық кәсіпорындардың конкурсқа қатысуы Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің қолдауымен және Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекеннің» сүйемелдеуімен ұйымдастырылады.

Қатысу шарттары, өтінім беру тәртібі және қажетті құжаттар тізбесі туралы толық ақпарат алу үшін мүдделі ұйымдар Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекенге» жүгіне алады.