«Мейірім» ордені Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалар жүйесіне ресми түрде енгізілді

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» 2026 жылғы 14 мамырдағы № 289-VIII ҚРЗ Заңымен жаңа мемлекеттік награда – «Мейірім» ордені тағайындалды.            

Аталған награданы тағайындау туралы бастаманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 5 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының лауреаттарын марапаттау рәсімінде жариялаған болатын.

Президент өз сөзінде:

«Мен қайырымдылық пен әлеуметтік жауапкершілік саласында ерекше көзге түскен кәсіпкерлерге берілетін арнайы награда – «Мейірім» орденін тағайындадым», – деп атап өтті.

«Мейірім» ордені қайырымдылықты, меценаттықты дамытуға, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға және халықты қолдауға елеулі үлес қосқан бизнес өкілдерін марапаттауға арналған. Жаңа мемлекеттік награданың тағайындалуы әлеуметтік жауапты бизнестің ел дамуы мен қоғамдық ынтымақтастықты нығайтудағы ерекше рөлін айқындайды.        Айта кету керек, «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Мемлекет басшысының кәсіпкерлер мен қоғамдық маңызы бар жобаларды іске асырып жүрген азаматтардың еңбегін мойындауға бағытталған «Мейірім» орденін тағайындау жөніндегі бастамасын белсенді түрде қолдады.    Жаңа мемлекеттік награданы тағайындау туралы бастаманың дәл «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының лауреаттарын марапаттау рәсімінде жариялануының өзіндік мәні бар. Аталған сыйлықтар көптеген жылдар бойы сапалы, жауапты және әлеуметтік бағдарланған кәсіпкерлікті ынталандырудың маңызды құралдары болып келеді.                                                           «Мейірім» орденінің тағайындалуы Қазақстандағы қайырымдылық пен әлеуметтік жауапкершілік мәдениетін дамытудағы маңызды қадам болып табылады. Сонымен қатар, бұл кәсіпкерлердің қоғамды қолдау мен әлеуметтік маңызы бар бастамаларды іске асыруға қосқан үлесін мемлекеттік деңгейде мойындаудың көрінісі.                                                                                   «Атамекен» ҰКП алдағы уақытта да бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін дамытуға, қайырымдылықты насихаттауға және кәсіпкерліктің еліміздің тұрақты дамуындағы рөлін нығайтуға бағытталған бастамаларды қолдауды жалғастырады.