Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасында бизнес өкілдеріне арналған «Алтын сапа», «Қазақстанның үздік тауары» және «Парыз» республикалық конкурстарына қатысу мәселелері бойынша оқыту семинары өтті.
Кездесу барысында кәсіпкерлерге өтінім беру тәртібі, бағалау критерийлері, іріктеу кезеңдері және конкурстық құжаттарды рәсімдеу талаптары түсіндірілді. Сонымен қатар конкурс материалдарын дайындау мен кәсіпорындардың өзін-өзі бағалау жүйесіне ерекше назар аударылды.
Семинар спикері — Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасының «Алтын сапа» және ТМД елдерінің сапа саласындағы сыйлығының асессоры, сарапшысы Татьяна Юн болды.
Оның айтуынша, конкурстарға қатысу компанияларға өз өнімін танытып қана қоймай, кәсіпорын ішіндегі басқару жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді.
«Сапа конкурстары — бизнесті жетілдірудің тиімді құралы. Олар компанияның ішкі процестерін жүйелеуге, күшті және әлсіз тұстарын анықтауға, өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға көмектеседі», — деді Татьяна Юн.
Кездесу барысында қатысушыларға «Алтын сапа» конкурсының 2026 жылғы жаңашылдықтары туралы да айтылды. Атап айтқанда, биылдан бастап конкурсқа цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект шешімдерін енгізіп жатқан кәсіпорындарға арналған «Үздік цифрлық даму жобасы» арнайы номинациясы енгізілді.
Сонымен қатар кәсіпкерлерге бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне арналған «Парыз» конкурсына қатысу шарттары таныстырылды. Бұл конкурс еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік қолдау және экологиялық бастамалар бағытындағы үздік тәжірибелерді насихаттауға бағытталған.
Семинар аясында Ұлттық аккредиттеу орталығының өкілі Елена Булатова да сөз сөйледі. Ол менеджмент жүйесі сертификаттарында IAF белгісін қолдану тәртібі, Қазақстан аумағында халықаралық менеджмент жүйесін сертификаттау органдарының жұмыс ерекшеліктері және алдағы өзгерістер туралы түсіндіріп өтті. Сондай-ақ менеджмент жүйесі құжаттарының жаңа нұсқасына көшу мәселелеріне тоқталды.
Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісовтің айтуынша, мұндай конкурстарға қатысу бизнеске тұтынушылар сенімін арттырып, нарықтағы позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.
«Бүгінде өнім сапасы мен бизнес-процестердің тиімділігі — бәсекеге қабілеттіліктің негізгі факторларының бірі. Мұндай конкурстар отандық өндірушілерге республикалық деңгейде өздерін танытуға мүмкіндік береді», — деді Ернар Күлпейісов.
Кәсіпкерлер палатасында «Алтын сапа» және «Парыз» конкурстарына өтінім қабылдау 2026 жылғы 1 шілдеге дейін жалғасатынын еске салды. Ал «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-конкурсының өтетін күні қосымша хабарланады.



