Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасында «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесі мен ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына қатысуға ниетті кәсіпкерлерге арналған оқыту семинары өтті. Іс-шараға өңірдің 30-дан астам бизнес өкілі қатысты.
Семинар барысында кәсіпкерлерге конкурстарға қатысу тәртібі жан-жақты түсіндіріліп, сапа саласындағы халықаралық тәжірибелер таныстырылды. Сонымен қатар қатысушыларға «мүмкіндіктер» мен «нәтижелер» бағалау критерийлері, кәсіпорынның өзін-өзі бағалау әдістемесі және енгізілген жаңашылдықтар туралы айтылды. Семинар спикері ретінде Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының салалық даму және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бөлімінің сарапшысы Толқын Тлемисова сөз сөйледі. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, конкурстық құжаттарды дайындау бойынша тәжірибелік ұсыныстарға ие болды.
Толқын Тлемисованың айтуынша, семинардың басты мақсаты – кәсіпкерлерге өтінімдерді сапалы рәсімдеуге көмектесу және ұлттық сапа байқауларында табысты қатысу мүмкіндігін арттыру.
«Семинар барысында қатысушыларға бағалау критерийлері мен өтінімдерді рәсімдеу талаптары түсіндіріліп, конкурстық материалдарды дайындау бойынша ұсыныстар беріледі. Байқау отандық өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, кәсіпкерлерді қолдауға және қазақстандық өндірушілердің тауарлары мен қызметтерін халық арасында насихаттауға бағытталған», – деді ол.
Семинарға қатысушылардың бірі – «Аташева» ЖК басшысы Айгерім Аташева. Кәсіпорын 2017 жылдан бері жұмыс істейді және 50-ден астам кондитерлік әрі нан-тоқаш өнімдерін шығарады. Өндіріс Атыраудағы мейрамханалар, дәмханалар, супермаркеттер мен шағын маркеттерді өніммен қамтамасыз етеді. Компанияда 20-ға жуық қызметкер еңбек етеді.
«Мұндай конкурстар жергілікті өндірушілерді тек өңірлік деңгейде ғана емес, республикалық деңгейде де танытуға тиімді мүмкіндік береді. Сондықтан биыл біз «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесіне қатысуды жоспарлап отырмыз және жеңіске үміттіміз», – деді Айгерім Аташева.
Айта кетейік, «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесінің өңірлік кезеңі маусым айының басында «Infinity» экопаркі аумағында өтеді.
Ал ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына қатысуға өтінімдер Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасында және Altyn Sapa сайтында электронды форматта ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін қабылданады.



