2026 жылғы 14 сәуірде Басқарма төрағасының орынбасары Жеңіс Аждарұлы Тайшытаевтың төрағалығымен «Адал Азамат» атағын беру тәртібін қарау және талқылау жөніндегі республикалық комиссияның отырысы өтті.
Отырыс барысында «АдалАзамат» атағын беру қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері қаралды. Республикалық комиссия мүшелері құжаттың негізгі ережелерін егжей-тегжейлі талқылады, атап айтқанда:
- қатысушыларды іріктеу критерийлері;
- өтінімдерді беру және қарау тәртібі;
- комиссия қызметін ұйымдастыру.
Сондай-ақ, конкурсқа қатысуға өтінім нысаны қайта қаралды, бағалау парақтары мен бағалау критерийлерін қалыптастыру тәсілдері талқыланды.
Республикалық комиссияның құрамына депутаттар, қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялардың басшылары, жұртшылықтың, іскер қоғамдастықтың өкілдері, сондай-ақ «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасарлары мен басқарушы директорлары кіреді.
«Адал Азамат» сыйлығы жеке және қоғамдық мүдделерге үйлесімді жанашырлық танытатын, ашық және этикалық бизнес-қызметті жүргізетін кәсіпкерлерге беріледі. Бұл награданы құру әлеуметтік бағдарланған бизнесті қолдауға және Мемлекет басшысы белгілеген басымдықтарға сәйкес келетін бастамаларды ынталандыруға бағытталған.
Анықтама:
2025 жылы https://altynsapa.kz ресми сайтқа конкурсқа қатысуға 34 онлайн-өтінім келіп түсті. Комиссия отырыстары шеңберінде белгіленген критерийлерге сәйкес келетін 23 жоба қаралып, тыңдалды.
Республикалық комиссия жұмысының қорытындысы бойынша отырыс хаттамасының негізінде жеті жеңімпаз анықталды:
- «Орал Таза Сервис» ЖШС, Батыс Қазақстан облысы;
- «Бұқтырма уылдырық шашу-өсу шаруашылығы» ЖШС, Шығыс Қазақстан облысы;
- «Төлеген санаториясы» ЖШС, Түркістан облысы;
- «Qaz Granit» ЖШС, Алматы қ.;
- «Идеал Түркістан» ЖШС, Түркістан облысы;
- «Ақбөбек «оңалту орталығы» ЖШС, Ақтөбе облысы;
- «Eco Madeniet» ЖШС, Ақтөбе облысы.
«Адал Азамат» конкурсы – бұл кәсіпкерлер үшін орнықты даму, адалдық және әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарына адалдығын көрсету, сондай-ақ Қоғамдық мойындау мен қолдау алу мүмкіндігі.



