
Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Адал Азамат» атағын беруге өтінімдерді қабылдаудың басталғаны туралы хабарлайды. Конкурстың негізгі мақсаты Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік субъектілері арасында бизнесті жүргізу, әлеуметтік жауапкершілік, ашықтық, экологиялық белсенділік, қайырымдылық қызметі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық қағидаттарын көтермелеу және дәріптеу болып табылады. Қызметті кемінде үш жыл жүзеге асыратын микро, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері қатысуға жіберіледі.
Конкурсқа қатысушылар келесі өлшемшарттарға сай болуы қажет:
- «Таза қазақстан» республикалық акциясын өткізуге қатысу;
- экологиялық проблемаларды шешуге бағытталған енгізілген және/немесе іске асырылатын жобалардың (оның ішінде таза технологияларды қолдану, тұрақты өндірістік процестерді қалыптастыру, зиянды шығарындыларды азайту, инновациялық шешімдерді қолдану және т.б.) болуы;
- табиғи апаттардың (су тасқыны, өрт және өзге де төтенше жағдайлар) салдарын жоюдағы белсенді әлеуметтік ұстаным;
- қайырымдылық және әлеуметтік бастамаларға қатысу;
- қоғамдық және экологиялық іс-шараларға, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғауға бағытталған өзге де бастамаларға қатысу;
- салықтар, әлеуметтік және өзге де міндетті төлемдер бойынша берешектің болмауы, сондай-ақ еңбек даулары мен жанжалдардың болмауы;
- оң қоғамдық және іскерлік беделдің болуы;
- заңнаманы және іскерлік этика нормаларын бұзу фактілерінің болмауы.
Конкурсты өткізу тәртібі:
Өтінімдерді қабылдау https://altynsapa.kz ресми сайтта 1 қазанға дейін онлайн режимінде жүзеге асырылады.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі осы жылғы 31 желтоқсаннан кешіктірілмей салтанатты түрде өткізіледі.
«Адал Азамат» конкурсы - бұл кәсіпкерлер үшін тұрақты даму, адалдық және әлеуметтік жауапкершілік құндылықтарына деген адалдықтарын көрсету, сондай-ақ қоғамдық мойындау мен қолдау алу мүмкіндігі.