Ақмола облысында үздік тауар өндірушілер анықталды

Көкшетау қаласында «Қазақстанның үздік тауары» атты дәстүрлі өңірлік көрме-байқауы өтті. Биыл бұл байқауға Ақмола облысынан 100-ге жуық өндіруші қатысты. Іс-шараны облыстық кәсіпкерлер палатасы жергілікті атқарушы органдармен бірлесе ұйымдастырды.

Көрмеге азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, құрылыс индустриясы және басқа да салалардағы кәсіпорындардың өнімдері ұсынылды. Қатысушылар өз өнімдерін нарық бағасынан төмен бағада сату мүмкіндігін пайдаланды. Сондай-ақ келушілер арасында лотерея ойнатылды.

Байқау қорытындысы бойынша үш номинацияда үздік тауар өндірушілер анықталды:

«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясында:

– «Степногор машина жасау зауыты» ЖШС;

– «Азия сүзгі» ЖШС (Бурабай ауданы);

– «Kokshe Building Service» ЖШС (Көкшетау қаласы).

«Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясында:

– «Оникс» ЖШС (Көкшетау қаласы);

– «Green Products» ЖШС (Қорғалжын ауданы);

– «Әлихан» ЖК (Қосшы қаласы).

«Азық-түлік мақсатындағы үздік тауарлар» номинациясында:

– «Бижан» ет өңдеу кешені» ЖШС (Көкшетау қаласы);

– «Соколов Р. О.» ЖК (Бурабай ауданы);

– «MILK PROJECT» ЖШС (Зеренді ауданы).

Алғаш рет байқауға қатысқан «Kokshe Building Service» ЖШС темірбетон бұйымдарын өндірумен және әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің құрылысымен айналысады. Кәсіпорын Ақмола облысындағы осы бағыттағы ірі өндірушілердің бірі болып табылады. Оның өнімдері облыс аумағынан тыс өңірлерге де жеткізіледі.

Барлық жеңімпаздар енді «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауына Ақмола облысының атынан қатысады.

Бұл байқау 2006 жылдан бері өткізіліп келеді және отандық өндірушілердің сапалы өнім шығаруына, брендтерді ілгерілетуге және өндірісті дамытуға ықпал етуде.