«Алтын сапа» сыйлығын және «Қазақстанның үздік тауары» конкурстарын өткізу тәртібі еліміздің оңтүстік өңірлерінде түсіндірілді

2025 жылы 22-23 сәуір Қызылорда, Түркістан облысы және Шымкент қалаларында «ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауларын өткізу тәртібі түсіндірілді.

2025 жылдың 22 сәуір күні Қызылорда облысы, 23 сәуір Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында «Атамекен» ҚР ҰҚП, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық конкурстарын және «Алтын сапа» президенттік сыйлығын ұйымдастыру жөніндегі басқарушы директоры Исаева Мерей Сеилбекқызы арнайы іссапармен барып, семинар өткізді. 

Шараға жалпы саны 110-ға  жуық (оның ішінде Қызылорда облысынан 60-қа жуық, Түркістан облысынан 20-ға жуық, Шымкент қаласынан ЗУМ байланысы арқылы 30-ға жуық) жергілікті кәсіпкерлер қатысты. 

Мерей Исаева өз ретінде арнайы даярлап келген презентациясы арқылы елімізде жыл сайын өтетін «Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алуға арналған байқауды және «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауын өткізу тәртібі мен оған қатысу жолдары бойынша толыққанды ақпарат берді. Спикер байқауларды өткізу тәртібі мен қағидаларын түсіндірумен қатар Атамекен палатасының «Ұлы дала елі» және «Іскер» сияқты сапа саласындағы республикалық конкурстары жөнінде қосымша айтып, өңірдің барша шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілерін байқауларға қатысуға шақырды.

Шара барысында кәсіпкерлер Мерей Сеилбекқызына өздерін қызықтыратын сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алса, семинар қорытындысымен барша қатысушыларға сертификат табысталды.

Бұл іс-шара еліміздің кәсіпкерлеріне өз қызметін дамытуға, өнім сапасын арттыруға және ұлттық байқауларға қатысу арқылы бәсекеге қабілеттілікті арттыруға зор мүмкіндік берді.