
Биыл үш номинация бойынша ең үздіктер атағын алу үшін Атырау облысының 50-ден астам тауар өндірушісі бәсекеге түспек.
Конкурс Атырау қаласындағы көрме орталығында өтеді. Оның ұйымдастырушысы – Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы, облыс әкімдігінің қолдауымен. Қатысушылар арасында ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан тауар өндірушілер де, жақында ғана өз бизнесін бастағандар да бар, алайда олардың өнімдері халық арасында үлкен сұранысқа ие.
«Жыл сайын қатысушылар саны артып келеді, және бұл бізді қуантады. Тауар өндірушілер шығарған өнімдердің кең ассортиментін ұсынады. Бұл құрылыс материалдары, азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп тауарлары және тағы басқалар. Қатысушылар арасында көп мөлшерде жеке кәсіпкерлер бар, олардың тауарлары үлкен компаниялардың өнімдеріне сапасы жағынан еш кем түспейді», – деп атап өтті Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының бөлім жетекшісі Толқын Тлемисова.
Айта кету керек, «Үздік тауар Қазақстанда» конкурс-көрмесі барысында облыс орталығының тұрғындары мен қонақтары тек өңірдің үздік компанияларымен танысып қана қоймай, олардың өнімдерін қолайлы бағамен сатып ала алады. Қатысушылар үшін концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.
Сондай-ақ, осы шара аясында «Экспорттаушылар мен тауар өндірушілерге мемлекеттік қолдау шаралары» тақырыбында бизнес субъектілеріне арналған семинар өтеді. Семинар барысында қатысушыларға экспорттаушыларға қызмет көрсету құралдары және отандық тауар өндірушілер үшін индустриалды сертификаттың қандай мүмкіндіктер беретіндігі туралы ақпарат беріледі, сондай-ақ оны қалай алу керектігі түсіндірілетін болады.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік сатып алу ережелеріне енгізген өзгерістеріне сәйкес, индустриалды сертификаттың болуы мемлекеттік сатып алуларға қатысу үшін міндетті шартқа айналады. Бұл ережелер ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді.