
Danone үшін Қазақстан сүт өнімдері бизнесіндегі Орталық Азия хабына айналды
Danone – балғын сүт өнімдерін өндіру және сату бойынша әлемдік көшбасшы. Компания әлемнің 180-нен астам елінде жұмыс істейді және онда 100 000-нан астам адам еңбек етеді.
Қазақстандағы алғашқы өкілдік 2007 жылы ашылып, өнімді импорттаумен айналысты. Нарықтың болашағы зор екені байқалып, даму қажет болды. 2009 жылы компания кеңсесі мен сату тобының белсенді өсімі байқалды, сол жылы жергілікті өндірісті ұйымдастыру туралы шешім қабылданды. Осылайша, 2010 жылы Іле ауданының Байсерке ауылында Danone Berkut зауыты ашылды.
Зауыттың ашылуы Қазақстан мен Франция арасындағы маңызды оқиғалардың бірі болды. Еуропалық инвесторлар Қазақстандағы алғашқы зауытты салуға 21 миллион еуро (4,2 миллиард теңге) көлемінде инвестиция құйды. Зауыттың қуаттылығы – жылына 24 мың тонна сүт өнімі.
Байсерке ауылының Алматы қаласына жақын орналасуының арқасында компания зауыты Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанға өнім жеткізуді жолға қойды.
Danone Berkut бірден «Растишка», «Простоквашино», «Активиа», «Био-баланс» брендтерімен танымал болды. Қышқыл сүт өнімдерінің ассортименті елуге жуық атауға дейін жетті.
Danone Berkut өнімдері әртүрлі брендтермен Қазақстандағы барлық дүкендер мен супермаркеттердің сөрелерінде ұсынылған.
Кәсіпорын қазақстандық тұтынушыға нақты қажетті өнімді ұсыну үшін ассортиментке бірқатар өзгерістер енгізуге тырысты. Мұнда өнімнің дәмі қазақстандықтардың талғамына бейімделіп, ішілетін қышқыл сүт өнімдерін – йогурт секілді сусындарды өндіруге басымдық берілді.
Бұдан бөлек, жергілікті фермерлерден сүт сатып ала отырып, Danone Berkut қазақстандық жеткізушілерге қолдау көрсетуде. Компания 2300 жеткізушімен жұмыс істейді, олардың 1800-і – қазақстандық компаниялар, оның ішінде ондаған шаруа қожалықтары бар.
Байсерке ауылындағы зауытта 70 адам жұмыс істейді. Жалпы алғанда, сүт өнімдерін өндіретін алып компанияның Қазақстандағы өкілдігінде 370 қызметкер бар. Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, Қазақстаннан шыққан көптеген кәсіби мамандар қазіргі таңда Danone компаниясында Ресейде, Украинада және Францияда еңбек етуде.
Жуырда компанияны Danone Беларусь және Danone Россия компанияларында топ-менеджер болған Жиль Бурло басқаратын болды.
Биыл Danone Berkut сапа саласындағы жоғары марапатты алуды мақсат етіп отыр. «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауының кезеңінде «Danone Berkut» ЖШС ІІ орынды иеленіп, республикалық кезеңдегі онлайн дауыс беруге өтті. Бүгінде ол қазақстандық он үздік компанияның қатарында отандық үздік кәсіпорын атағына үміткер болып отыр.
Еске салайық, 11 желтоқсанда Астанада «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының жеңімпаздары марапатталады.