Қостанайлық бизнес-ханым араб миллионер әйеліне сәукеле сыйға тартты.

2018 жылы республикалық «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына қатысушы Евгения Домбаева Қазақстанның іскер әйелдер делегациясы құрамында Дубай қаласына барды.

Қостанайлық ательенің иесі Біріккен Араб Әмірліктеріне қолдан жасалған сәукеле апарып, елге пайдалы тәжірибе мен беделді сән көрмесіне шақыртумен оралды.

БАӘ – әйелдер кәсіпкерлігіне ең қолайлы елдердің бірі екені құпия емес. Мұнда жергілікті бизнесвумендерге барлық мүмкін және мүмкін емес жеңілдіктер қарастырылған. Сондықтан да Қазақстанның Іскер әйелдер кеңесі бірнеше жылдан бері БАӘ Іскер әйелдер кеңесімен ынтымақтастықта жұмыс істеп келеді.

«Егер әйел адам БАӘ-де өз ісін ашқысы келсе, үкімет оған әлемнің кез келген елінде білім алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ әйелдерге арналған салықтық жеңілдіктер өте көп. Бұл мені ерекше әсерге бөледі», – деп еске алады Евгения Домбаева.

Форумның басты демеушісі – араб бизнесвумені әрі миллионер Риид Аль Дхахери болды. Евгения Домбаева оған өз ательесінде жасалған қолдан тігілген сәукелесін сыйға тартты. Ұлттық келіншек бас киімі форумға қатысушылардың таңданысын тудырды. Евгения да араб шеберлерінің жұмысын жоғары бағалады. Бұл мүмкіндік оған әйел-дизайнер ұйымдастырған жоғары сән көрсетілімі аясында бұйырды.

«Бұл жабық іс-шара болды, ер адамдар мен пәренже болған жоқ. Көрсетілген көйлектердің барлығы – кешкі және той көйлектері, өте әдемі еді. Сол жерде мен өзімнің ұлттық стильдегі киімдеріммен бірлескен сән көрсетіліміне қатысуға шақырту алдым. Бұл көрсетілім пайдалы байланыстардың бастамасына айналады деп үміттенемін», – дейді Евгения Домбаева.

Сапар қорытындысы ретінде БАӘ Іскер әйелдер кеңесі мен Қазақстан Іскер әйелдер кеңесі арасында меморандумға қол қойылды. Осы меморандум аясында бірлескен жобалар мен бағдарламалар әзірленетін болады.

Айта кетейік, ҚР ҰКП «Атамекен» ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына және «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына қатысуға өтінімдерді қабылдауды бастады.

Байқаулардың мақсаты – отандық тауар өндірушілерді қолдау және нарықты сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнімдермен қамтамасыз етуге жәрдемдесу. Байқауға қатысқысы келетіндер 2019 жылғы 1 шілдеге дейін www.altynsapa.kz сайтында электронды өтінім берулері қажет.

Байқаулар туралы толық ақпаратты ресми сайттан немесе мына телефон арқылы білуге болады: 8 (7172) 919-388.