
Қазақстанда кен өндіру саласына арналған вагондар құрастырылады. Степногорск қаласында вагондарды жөндеу депосының базасында жаңа өндіріс орнының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Кәсіпорын жедел индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында ашылды. Алғашқы думкар-самосвал қонақтардың көз алдында небәрі 30 минут ішінде құрастырылды. Мұндай «Думкар 2 ВС» вагондары 100 тоннадан астам тау жыныстарын тасымалдай алады.
Ербол Ашитов, кәсіпорын өкілі: – NADLoC агенттігіне алғысымды білдіремін, олар тарапынан шынайы қолдау болды. Яғни, Үкімет тарапынан, мен – жаңа бастаған кәсіпкер ретінде, бұл қолдауды айқын сезіндім. Елбасымызға және ол бастаған бизнесті қолдайтын барлық бағдарламаларға алғыс айтамын.
Бұл өнімді шығару үшін бірлескен кәсіпорын құрылды. Украиналық серіктестерді Қазақстанға тартуға өнім өткізу нарығының кеңею мүмкіндігі, сонымен қатар Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы, атап айтқанда, салық және қаржы саясатының либералды сипаты себеп болды.
Валентин Ивлев, украиналық серіктес компания өкілі: – Бүгінде арзан несиелік ресурстар қолжетімді. Қазақстан Үкіметі экономиканың дамуына үлкен көңіл бөлуде. Бұл вагон жасау бизнесі – басым бағыттардың бірі.
Кәсіпорын айына 20-25 вагон шығаруға дайын, ал 2015 жылға қарай жылдық көлем 1000 вагонға дейін жетпек. Қазіргі кезде бөлшектердің басым бөлігі Украинада жасалады, бірақ алдағы уақытта қазақстандық үлес 60%-ға дейін артады.
Қайрат Бектұрғанов, «NADLoC» ұлттық агенттігінің басқарма төрағасы: – Белгілі бір тораптар мен бөлшектерді жасау бойынша тапсырыстарды еліміздегі қолданыстағы кәсіпорындарда орналастыру мәселелері қарастырылуда. Сонымен қатар, бұл өндіріс маңында қажетті бөлшектерді жеткізетін серіктес кәсіпорындар құру мәселесі де назарда.
Кәсіпорын индустрияландыру картасына енгізіліп, өнім модельдерінің санын көбейтуді көздеп отыр. Бұл – жаңа жұмыс орындары мен Степногорск қаласының экономикалық дамуы.