Қостанай «ең үздіктердің үздіктерін» таңдайды

2025 жылғы 27 тамызда Қостанайда «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауының кезеңі өтеді.

Оған облыстың 16 кәсіпорны қатысады, ал жеңімпаздар өңірді республикалық деңгейде таныстырады.

«Қазақстанның үздік тауары» байқауы отандық өнім сапасын арттыру мақсатында жыл сайын өткізіледі. Биылдан бастап оның ұйымдастырушысы – «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Өңірлік кәсіпкерлер палаталары.

Қостанай облысынан байқауға көптеген жаңа қатысушылар өтінім берді. Олардың қатарында – Қостанай қаласындағы шағын илем өнімдерін шығаратын «ЕвразКаспианСталь» кәсіпорны мен Жітіқарадағы құрылыс қоспаларын шығаратын «Эталон» зауыты. Рудный қаласындағы тез дайындалатын лапша мен лагман өндіретін «Акбарс НК» ЖШС байқауға алғаш рет қатысқалы отыр. Сонымен қатар, арнайы киім, техникалық мата және тау-кен көлік жабдықтарына арналған қосалқы бөлшектер шығаратын кәсіпорындар да бар.

Байқау дәстүрлі түрде үш номинация бойынша өтеді: «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары». Әр номинация бойынша шағын, орта және ірі бизнес субъектілеріне арналған 3 жүлде және қосымша лауреат атақтары беріледі.

«Лауреаттар арнайы мүсінше, диплом алады және ең бастысы – алдағы төрт жыл ішінде өз өнімінде байқау эмблемасын жарнамалық мақсатта қолдана алады. Бұл тауарды нарыққа ілгерілету үшін қосымша артықшылық береді. Тиісінше, жеңімпаздар республикалық көрме-байқауға қатысады», – деп атап өтті Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Роберт Юсупов.

Байқау аясында ғылыми-практикалық конференция да өтеді. Оған кәсіпорын өкілдері, жергілікті атқарушы және мүдделі мемлекеттік органдар, сондай-ақ сараптамалық топ мүшелері қатысады. Бұған қоса, өткен жылдардағы жеңімпаздар мен болашақ қатысушылар шақырылады, ең алдымен – облыстың қала мен аудан кәсіпкерлері.