
Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасында «Қазақстанның үздік тауары – 2015» өңірлік байқауының лауреаттарын іріктеу бойынша сараптамалық топтың отырысы өтті
Байқаудың мақсаты – ел нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өніммен қамтамасыз етуге ықпал ету, сондай-ақ өнім сапасын отандық және халықаралық стандарттар негізінде қамтамасыз ету.
Байқау-көрмеге облыстың 28 үздік компаниясы қатысуда. Олардың қатарында ірі бизнес өкілдерімен қатар, облыстың аудан орталықтарында жұмысын енді бастаған кәсіпорындар да бар. Атап айтқанда, «Павлодар машина жасау зауыты» АҚ, «Казэнергокабель» АҚ, нан-тоқаш өнімдерін шығаратын «Солдатова» ЖК, консервіленген өнімдер өндіретін «Ақжар Өндіріс» АШФ ЖШС.
Сараптамалық топ отырысы барысында ірі және шағын бизнес өкілдері қазылар алқасына өз өнімдерін таныстырды. Іріктеу жүргізілген негізгі критерийлер – әлеуметтік маңыздылық деңгейі (аналогтармен салыстырғандағы баға және Қазақстан нарығында түрлі тұтынушылар санаты үшін қолжетімділігі), өнім өндірісінде қолданылған инновациялар, экспортқа шығарылатын өнім көлемі және басқа да көрсеткіштер. Іріктеуден өткен 28 үздік кәсіпорын 18 шілде күні Орталық алаңда өтетін «Қазақстанның үздік тауары – 2015» өңірлік байқау-көрмесінде өз өнімдерін ұсынады.
Сараптамалық топтың жұмысы нәтижесінде үш номинация бойынша 9 лауреат анықталды – «Үздік азық-түлік тауарлары», «Халыққа арналған үздік тауарлар» және «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар». Үздік өндірушілерге «Қазақстанның үздік тауары» символы бейнеленген дипломдар, мүсіншелер және сыйлық сертификаттары табысталады. Барлық қатысушылар алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталады. Жеңімпаз кәсіпорындар жыл соңында Астанада өтетін «Қазақстанның үздік тауары – 2015» республикалық көрме-байқауына қатысу құқығына ие болады.