
«Қазақстанның үздік тауары» өндірушісін Ақтөбе облысында таңдады
«АЗХС», «Жаңа-Алжан ұн комбинаты» және «Құрылыс Жаңа ғасыр» ЖШС «Қазақстанның үздік тауары – 2015» республикалық көрме-байқауына қатысады.
2015 жылдан бастап «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының ұйымдастырушысы – Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен», ал өңірлік көрме-байқаулардың ұйымдастырушылары – республикадағы 14 өңір мен Астана және Алматы қалаларындағы Кәсіпкерлер палаталары.
Биыл бұл байқауды Қазақстанда бірінші болып Ақтөбе қаласы өткізді. Шараға облыстың 23 жетекші кәсіпорны, бизнес-қауымдастық өкілдері, кәсіпкерлер, әлеуетті тапсырыс берушілер мен жеткізушілер, БАҚ және т.б. қатысты.
«Қазақстанның үздік тауары – 2015» байқауын Кәсіпкерлер палатасы алғаш рет ұйымдастырып отыр. Мен бұл мерейтойлық байқау біздің тауар өндірушілер үшін тиімді болады деп сенемін», – деді өңірлік Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұқанов.
Өнімдерін комиссия мүшелерінің назарына ұсынған кәсіпорындардың қатарында: «Ақтөбе хром қосындылары зауыты», «Ақтөбемұнайөңдеу», «Вибро Мастер Қазақстан» ЖШС, «Құрылыс – Жаңа ғасыр», «ҒЗО ХимАқтөбе», «Экотон Батыс», «БВР орталығы», «Ақтөбе өртке қарсы жабдықтар зауыты», «Сапалы-Ц», «Жаңа-Алжан ұн комбинаты», «Сүтті хикаялар А», «Айс-Плюс», «Тенуса», «Светоком» және басқа да кәсіпорындар бар.
Сараптамалық комиссия байқау жеңімпаздарын үш номинация бойынша анықтады. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясында жеңімпаз – «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ. «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясы бойынша І дәрежелі дипломды «Құрылыс Жаңа ғасыр» ЖШС иеленді. Ал «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясында І орын «Жаңа-Алжан ұн комбинаты» ЖШС-не бұйырды.
Жеңімпаздар күзде Астанада өтетін «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауына қатысады.
Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 9 қарашадағы №194 Жарлығына сәйкес, «Алтын сапа» Президент сыйлығын алуға арналған конкурс және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауы отандық өнім сапасын арттыруға, қазақстандық нарықты сапалы әрі бәсекеге қабілетті өніммен қамтамасыз етуге, халық арасында сапа идеясын насихаттауға бағытталған жеке және заңды тұлғалардың қызметін жандандыру мақсатында өткізіледі.