
Шығыс Қазақстан облысында «Қазақстанның үздік тауары – 2015» өңірлік байқауының жеңімпаздарын анықтады.
Өскемен қаласында өткен «Қазақстанның үздік тауары – 2015» облыстық көрме-байқауының қорытындысы бойынша жеңімпаздар Астанада өтетін республикалық «Алтын сапа – Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына қатысу құқығын иеленді.
Байқауға қатысу үшін ШҚО-ның 50-ден астам тауар өндірушісі өз өнімдерін алып келді. Көрмеде азық-түлік өнімдері, тоқыма, жиһаз, медициналық жабдықтар, құрылыс материалдары және басқа да тауарлар ұсынылды.
«Біздің облыс өндірілетін өнімдердің сапасымен ерекшеленеді. Әсіресе, индустриялық өнімдер мен азық-түлік өндірісін атап өтуге болады. Біз үшін ең бастысы – халықаралық талаптарға сай болу, сұраныс пен ұсынысты үйлестіру. Осы факторлар біздің өнімдеріміздің сұранысқа ие болуына әсер етеді», – деді байқаудың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин.
Комиссия үшін үш ғана номинация бойынша жеңімпаздарды таңдау оңай болған жоқ. Нәтижесінде, «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясында жеңімпаз деп «СТНС-88» ЖШС, «Kazfoam» ЖШС, «Бриссоль» ЖШС танылды. «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша «Багратион-Улан» ЖШС, «SUN-BEE ALTAI» ЖШС, «Шығыс Ажар Торг» ЖШС марапатталды. Ал «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясында жеңімпаздар – «Роза» ЖШС (Жүн-валяльды комбинаты), «УК Юнис» ЖШС, «Тунгаторова А.К.» ЖК.
«Біздің өндірушілеріміздің әлеуеті өте жоғары. Әрбір кәсіпорын мемлекеттік қолдауға ие. Біздің міндетіміз – импортты алмастыруға барынша жақындап, «Қазақстанда жасалған» маркасымен өнім тұтынуға көшу», – деді ШҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Игорь Шацкий.
Айта кетейік, 2015 жылдан бастап «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының ұйымдастырушысы – Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» болып табылады.