
Жюри шешіміне сәйкес, Studbolt Manufacturing компаниясы ТМД елдері арасында өнімдер мен қызметтер сапасы саласындағы жетістіктері үшін берілетін Премияға «Өндірістік мақсаттағы өнімдерді өндіру, жұмысшылар саны 250 адамға дейін» номинациясы бойынша финалистер қатарына енді.
Жақын арада Ресей мен Беларусь елдерінен келген сарапшы комиссиясының өкілдері кәсіпорынды бағалау мен тексеруді жоспарлап отыр, оның нәтижелері 2021 жылдың соңында конкурс Жюриіне ұсынылады. Жеңімпаздарды анықтау туралы шешім 2022 жылдың наурыз айында ТМД Экономикалық кеңесі тарапынан қабылданады.
Айта кетейік, 2020 жылы компания Қазақстан Республикасының Президентінің «Алтын Сапа» сыйлығының лауреаты атанып, ТМД конкурсына қатысу мүмкіндігін жеңіп алған болатын.
ТМД өнімдері мен қызметтер сапасы саласындағы жетістіктер үшін берілетін Премия екі жылда бір рет конкурс негізінде ТМД елдерінің ұйымдарына өнім сапасын (қызметтерді), оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ сапа менеджментінің қазіргі заманғы әдістерін енгізу саласындағы айтарлықтай нәтижелер үшін беріледі.
Бұл конкурс ұлттық бастамаларды қолдап, ТМД елдерінде сапа мен өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған мемлекеттік органдардың күш-жігерін біріктіруді көздейді. Оның мақсаты – ТМД елдерінің ұйымдарының экспорттық мүмкіндіктерін арттыру және оларды жоғары сапалы өнімдер немесе қызметтер өндіруге ынталандыру, сондай-ақ сапа менеджментінің жоғары тиімді әдістерін енгізу.