
Аймақтық кәсіпкерлер палатасының сарапшылары Ақмола облысының өндірушілерін беделді байқауларға қатысуға тартуды жоспарлап отыр, олармен нақты жұмыстар жүргізу арқылы қатысу мәселелерін пысықтайды.
Бүгінгі таңда аймақтың 20 компаниясы конкурстарға қатысуын нақты растады, тағы 30 компания - әлеуетті қатысушылар. Олардың арасында ет, сүт өнімдерін өндірушілер, құс шаруашылығымен айналысатын компаниялар, өнеркәсіптік өндіріс пен тау-кен саласының кәсіпорындары бар. Олардың арасында өткен жылғы конкурстардың жүлдегерлері де бар. Мысалы, ТОО «Щучинский котельно-механикалық завод», ТОО «Capital Projects LTD», ТОО «Enki», ТОО «Гормолзавод», ТОО «Обувная фабрика «SAMHAT» және басқалар.
«Беделді байқауларға қатысу – отандық компаниялар үшін сапа белгісі болып табылады, олар соңғы жылдардағы басты міндетті – импорт алмастыруды орындауда табысты. Өз өнімдері мен қызметтерін кең аудиторияға ұсыну арқылы өндірушілер өз брендтерінің танымалдылығын арттырады. Бұл өндірушілерге сапалы тауарлар мен қызметтер туралы тұтынушыларды кеңінен хабардар етуге мүмкіндік береді, өнімді ішкі нарықта ғана емес, халықаралық нарықтарға да жылжытуға септігін тигізеді», - деп атап өтті Ақмола облысының Кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нахипбеков.
13 маусымда Көкшетау қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына және «Үздік тауар Қазақстанда» конкурсына қатысушыларға арналған оқу семинары өтеді. Семинар барысында қатысушыларға конкурстық материалдарды даярлау, конкурстарды өткізу тәртібі мен ережелері түсіндіріліп, сапа саласындағы халықаралық тәжірибемен таныстырылады.
Биыл «Алтын сапа» байқауы белгілі өзгерістерге ұшырады. Ауыл шаруашылығы және тамақ өнімдерін өндіру саласында жаңа (төртінші) номинация енгізілді. Сонымен қатар, «Үздік индустриалдық жоба», «Үздік инновациялық жоба» сияқты екі арнайы сыйлық тағайындалды (жыл сайын қайталанбайтын сыйлықтарды енгізу мақсатында).
«Үздік тауар Қазақстанда» конкурсы мен көрмесінде де жаңашылдықтар бар. Жеңімпаздарды дәреже бойынша бөлу (I, II, III) жойылды, себебі жеңіске жеткен тауарлар әртүрлі топтарға жатады. Олардың тұтынушылық қасиеттері тек оларға тән ең жоғары деңгейде болады. Үш номинация бойынша үш тең жеңімпаз таңдалады.