
«Алтын Сапа» мен «Ең үздік өнім Қазақстанда» конкурстарының қорытындылары 6 желтоқсанда жарияланады
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Алтын сапа» Президенттік сыйлығы, республикалық «Ең үздік өнім Қазақстанда» конкурсы-выставкасы және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша «Парыз-2017» конкурсының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі Индустриализация күні аясында өтеді. Шараның өткізілу орны - «Конгресс-центр Expo».
2017 жылы «Алтын сапа» сыйлығына 101 компания үміттенеді. «Ең үздік өнім Қазақстанда» конкурсына республика бойынша 144 кәсіпорын мен жеке кәсіпкерлер қатысуда.
Қазақстан Республикасының Президенті «Алтын сапа» сыйлығын жыл сайын өнімдер мен қызметтердің сапасы, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ ұйымдарда сапа менеджментінің жоғары тиімді әдістерін енгізгені үшін береді. Ал «Ең үздік өнім Қазақстанда» конкурсы үш номинация бойынша өткізіледі: «Өндірістік тауарлар», «Халыққа арналған тауарлар» және «Азық-түлік тауарлары». Конкурстардың ұйымдастырушысы 2015 жылдан бері Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен».
6 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Индустриализация күні аясында индустриалды, инновациялық және инфрақұрылымдық жобалардың іске қосылуы жоспарлануда.