
«Алтын сапа» және «Парыз» премияларының басты жүлделерін кәсіпкерлер дәстүр бойынша Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан алды.
«Алтын сапа» Президенттің арнайы премиясының «Үздік индустриалды жоба» номинациясында Атырау облысынан «Атыраунефтемаш» ЖШС лауреат атанды. Жүлдені компанияның құрылтайшысы Сағат Түгелбаев алды.
«АтырауНефтеМаш» ЖШС Қазақстандағы мұнай-газ өнеркәсібіне арналған жабдықтар мен қосалқы бөлшектерді шығарып, қызмет көрсету бойынша тәжірибесі бар санаулы мамандандырылған зауыттардың бірі болып табылады. Кәсіпорында металдар мен қорытпаларды дәнекерлеудің заманауи технологиялары игерілген.
«Үздік инновациялық жоба» номинациясында жеңімпаз болып Оңтүстік Қазақстан облысынан «Химфарм» АҚ танылды. Зауыт директоры Рустам Байгарин жүлдені Президенттің қолынан алды.
«Химфарм» АҚ өндірістік қуаттары жылына 1,5 миллиард таблетка, капсула мен гранулаларды шығаруға мүмкіндік береді. Компанияның өнімдері Қырғызстан, Тәжікстан, Моңғолия, Түркменстан және Ресей нарықтарына шығады.
«Алтын сапа» Президенттің арнайы премиясының «Сапа көшбасшысы» номинациясында Павлодар облысынан «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ лауреат атанды. Жүлдені ERG менеджерлер кеңесінің төрағасы Александр Машкевич алды.
«Парыз» әлеуметтік жауапкершілік бойынша республикалық байқаудың гран-при жүлдесін Батыс Қазақстан облысынан «Ақсайгазсервис» АҚ жеңіп алды, жүлдені компания басшысы Тлек Шектебаев алды.
Әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға компания жыл сайын 25 миллион теңгеге дейін қаражат бөледі. Кәсіпорын білім беру, мәдениет саласындағы мекемелерге тұрақты түрде қолдау көрсетіп, мұқтаждарға көмек көрсету қорларына өз үлесін қосуда.