
«Қазақстанның үздік тауары» мен «Алтын сапа» байқауларына қатысу талаптары қандай?
Бұл сұрақтарға Солтүстік Қазақстан кәсіпкерлері аймақтық кәсіпкерлер палатасында өткен оқыту семинары барысында жауап алды. Ел астанасынан келген сарапшылар кәсіпкерлерге республиканың ең беделді байқауларына қатысу талаптары мен критерийлерін түсіндірді.
«Байқауларға қатысу – бұл кәсіпорын үшін өз күшті және әлсіз тұстарын бағалауға, өзін таныстыруға, жарнама жасауға және, сайып келгенде, тұтынушыны тартуға нақты мүмкіндік. Мысалы, өткен жылы «Алтын сапа» байқауында «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» аталымында Петропавл ауыр машина жасау зауыты жеңімпаз атанды, ал ИП Стрелец арнайы «Іскер» сыйлығымен марапатталды», – деп атап өтті өңірлік Палатаның директоры Тұрар Ысқақов семинар қатысушыларын қарсы ала отырып.
Сапа менеджменті саласындағы маман, ТМД сыйлығының сарапшысы Мадина Мұқатова мен «Атамекен» ҚР ҰКП кеңесшісі Аида Иманбековамен кездесуге Петропавл мен аудан орталықтарынан 40-қа жуық адам жиналды. Олар – жергілікті бизнес өкілдері, мемлекеттік органдар мен Кәсіпкерлерді қолдау орталықтарының қызметкерлері.
«Менің ойымша, «Алтын сапа» байқауы – кәсіпкерлеріміз үшін өте жақсы мотивация. Сондықтан мұндай семинарлар әрдайым пайдалы, міндетті түрде жаңа бір дүние үйренесің. Біз кәсіпкерлерге «Алтын сапа» мен «Қазақстанның үздік тауары» байқауларына құжат тапсыруға көмектесеміз. Өткен жылы Аққайың ауданынан шыққан жас жиһаз өндірушісі өңірлік байқаудың лауреаты атанды. Биыл да екі жеке кәсіпкер қатысқысы келіп отыр. Бірі – нан-тоқаш өнімдерін, екіншісі – сүт өнімдерін, оның ішінде май мен ірімшік шығарады», – деді Аққайың ауданының КҚО кеңесшісі Айман Рахымжанова.
Семинарға Жамбыл ауданынан келген қатысушы Гүлім Имашева: «Егер осындай деңгейдегі сарапшылар аудандарға шығып, түсіндіру жұмыстарын жүргізсе, онда көбірек кәсіпкерлер пайдалы ақпарат ала алар еді және бұл байқауларда жеңіске жетуді мақсат етер еді», – деп өз ұсынысымен бөлісті.
Жалпы алғанда, кәсіпкерлер мен сарапшылардың пікірінше, осындай беделді байқауларға қатысу отандық өндірушілерді өз өнімдері мен қызметтерінің сапасын арттыруға ынталандырады, ал бұл олардың бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер етеді.
Семинар соңында «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» байқауларының бағалау критерийлері түсіндірілген барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.