
«Атамекен» ҰКП-де «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» байқауларына құжат қабылдау басталғаны туралы брифинг өтті
2015 жылы «Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты атанған «Алтын Орда» ЖШС-нің бас директоры Ырза Тұрсынзада байқауда жеңіске жеткеннен кейін компания өмірінде қандай өзгерістер болғанын айтып берді.
«‘Алтын сападан’ кейінгі алғашқы қадамдар маңызды болды. Біз оны шын мәнінде сезіндік. Маған бүгін біреу: «Сіздің суреттеріңіз бүкіл қалада ілулі тұр» деді. Бұл да осы жеңістің әсері. Кейін біз «Халықтың сүйіктісі» атандық», – деп бөлісті ол.
Тұрсынзада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сыйлығын алғаннан кейін компания одан да тиімді жұмыс істей түсетінін атап өтті.
«Біз мемлекетіміздің дамуы үшін аянбай еңбек етеміз және Президенттің сенімін ақтаймыз. Бұл байқауға қатысуды ойлап жүрген кәсіпорындарға айтқымыз келеді: сеніңіздер, бұл қажет және мүмкін нәрсе», – деді ол.
Өткен жылы «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты атанған «BI Holding» ЖШС басшысы Амангелді Омаров, компания бұған дейін жеке компаниялар өткізген көптеген байқауға қатысқанын айтты.
«Олардың барлығы ақылы болды. Соңғы жылдары мыңдаған үлескерлерді алдаған бір құрылыс компаниясы «жылдың үздік компаниясы» деп танылғанда, біз барлық ақылы байқаулардан бас тарттық. Содан кейін біз ‘Алтын сапа’ байқауына қатыстық, өйткені бұл – компаниялар, өнімдер мен қызметтердің әділ бағаланатын жалғыз алаңы деп есептейміз. Себебі бұл – Қазақстан Президенті табыстайтын марапат. Бұл байқаудың қорытындысы ең жоғары деңгейде бақыланатынына сенімдіміз», – деді ол.
Ұлттық палата жанындағы әлеуметтік-еңбек қатынастары департаментінің директоры Салтанат Абдикаримова брифинг барысында «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» байқауларына өтінім қабылдау ресми түрде ашылғанын хабарлады.
«Байқауларға қатысқысы келетіндер 2016 жылғы 1 шілдеге дейін өтінімдері мен материалдарын байқау ережелеріне сай рәсімдеп, өңірлік кәсіпкерлер палатасына тапсыруы қажет. Материалдарды рәсімдеу ережелері altynsapa.kz сайтында жарияланған», – деді ол.
НПП өкілі сондай-ақ Палата жыл сайын байқаулардың өткізілу тәртібі, бағалау критерийлері, құжаттарды рәсімдеу бойынша оқыту семинарларын өткізетінін атап өтті.
«Биылғы жылы бұл семинарлар сәуір-мамыр айларында әр өңірде бір күннен өтеді. Семинарлардың өткізілу кестесі байқау сайтында жарияланады», – деп хабарлады Абдикаримова.
«Сапа саласындағы байқаулар жеңімпаздарға көшбасшы имиджін, жоғары сапалы, бәсекеге қабілетті өнімдер мен қызметтер шығаратын сенімді өндіруші ретіндегі беделін қалыптастырады. Сондай-ақ жаңа серіктестер мен тапсырыс берушілерді тартуға, нарықтағы үлесті сақтауға және арттыруға, кірісті көбейтуге мүмкіндік береді. Құрметті кәсіпкерлер, кәсіпорныңыздың үздік екенін, өнімдеріңіздің сапалы әрі қауіпсіз екенін дәлелдеудің бұл мүмкіндігін жіберіп алмаңыздар!», – деп түйіндеді ол.