«Атамекен» «Алтын сапа» байқауының форматын өзгертуде

Байқауды өткізу ережелерінің жаңа нұсқасы өңірлердің қатысуымен өткен кеңесте таныстырылды
Биыл «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына байқау және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауын ұйымдастыру мен өткізуді жетілдіру бойынша бірқатар іс-шара өткізуді жоспарлап отыр.
Осыған байланысты Ұлттық палатада келесі мәселелерді талқылауға арналған кеңес өтті:
- байқауларды ұйымдастыру және өткізу үдерісін жаңарту;
- ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына байқау моделін Еуропалық Сапа Менеджменті Қорының (EFQM) соңғы редакциясына сәйкес жаңарту;
- «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауын өткізу рәсімдерін қайта қарау;
- байқау қатысушыларын ынталандыру шараларын қайта қарау;
- байқау қатысушыларының материалдарын алдын ала бағалау үшін сарапшыларды іріктеу критерийлері мен үдерісін, сарапшылардың еңбекақысын төлеу және басқа да мәселелерді қарастыру.
Жаңа ережелерді «Атамекен» ҰКП-ның Жұмыспен қамту мәселелері департаментінің директоры Салтанат Абдикаримова таныстырды. Талқылаудан кейін ол салалық қауымдастықтарды байқауларды өткізу бойынша өз ұсыныстары мен ұсынымдарын Палатаға жолдауға шақырды.