
«Алтын сапа» байқауына Павлодар облысынан бірден 12 кәсіпорын мен бір білім беру мекемесі қатысуда.
Олар үшін бұл – кәсіпорындардың беделін арттырып, Қазақстан нарығында кеңінен танылуға тағы бір мүмкіндік.
Біздің өңірде «Алтын сапа» байқауын ұйымдастырумен Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасы айналысады. Осы тақырыпта біз Палата директоры Райхангүл Сатабаевамен әңгімелестік.
– Райхангүл Қайырбайқызы, байқауға қатысушылар қандай критерийлер бойынша іріктелді?
– Арнайы жұмыс тобы қатысушылардың материалдары мен қызметін алдын ала бағалау бойынша ауқымды жұмыс жүргізді. Бұл топтың құрамына сапа менеджменті жүйесін сертификаттау саласындағы сарапшы-аудиторлар, салалық мамандар, қоғамдық бірлестіктер мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері енді. Іріктеу критерийлеріне – сапаны басқарудың тиімді әдістерін қолдану, халықаралық стандарттарды енгізу, тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыру және басқа да көрсеткіштер кіреді. Сарапшылардың алдын ала бағалау нәтижесінде қатысушыларға балл қойылып, құжаттар пакеті Ұлттық палатаға жолданды.
– «Алтын сапа» байқауына қатысып жатқан әрбір кәсіпорын туралы қысқаша айтып өтсеңіз.
– Екі ірі кәсіпорыннан бастайын, олар Қазақстандағы қуатты алюминий кластерін құрайды. Бірі – жоғары сапалы, әлемдік стандарттарға сай алюминий өндіретін «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ. Екіншісі – «Қазақстан алюминийі» АҚ, ол КЭЗ-ді глиноземмен қамтамасыз етіп қана қоймай, өнімін Ресей Федерациясының зауыттарына экспорттайды.
Байқауға қатысып жатқан тағы бір кәсіпорын – «Казэнергокабель» АҚ. Бұл – кабель-өткізгіш өнімдерін шығаратын еліміздегі ірі зауыттардың бірі. Ол тек қана отандық телекоммуникация саласын қамтып қоймай, өнімін ТМД елдеріне де экспорттайды.
Қазақстанның энергетика саласындағы көшбасшылардың бірі – «Еуразиялық энергетикалық корпорациясы» АҚ да байқауға қатысуға ниет білдірді. Бұл кәсіпорын республикадағы жалпы электр энергиясының шамамен 17 пайызын өндіреді.
Құрылыс индустриясы саласында «Вершина» ЖШС қатысып отыр. Ол сапалы брусчатка, тротуар плиткалары мен жиек тастары, ПВХ терезе мен есік блоктары, ағаш және металл құрылымдарын шығарады.
Әрбір қатысушы туралы жақсы пікір айтуға болады. Мәселен, Павлодар құбыр илемдеу зауыты – өңіріміздің қарқынды дамып келе жатқан кәсіпорындарының бірі, ол жоғары сапалы болат дәнекерленген құбырлар шығарады.
Өз саласында бірегей кәсіпорын – «Дом печати» ЖШС. Бұл – Павлодар облысы мен Шығыс Қазақстан өңіріндегі полиграфия нарығында көш бастап тұрған заманауи баспа орталығы.
«ЭКОпром Павлодар» ЖШС – отандық өнім өндіруші, ол жоғары өнімді абразив құралдарын «PavlodarAbrasiv» сауда белгісімен шығарады. Ал «КазБитумСервис» АҚ шатыр жабындарына арналған гидрооқшаулағыш полимерлі материалдар, модификацияланған битум және өзге де құрылыс материалдарын өндіреді.
«Дафа» фирмасы – ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын табысты кәсіпорын. Ал «Фрейткар Компонентс» ЖШС теміржол көлігі саласына инновациялық технологияларды енгізумен айналысады.
«Сағып» шаруа қожалығы – қымыз өндіретін отандық кәсіпорын, оны көпшілікке таныстырып жатудың қажеті жоқ шығар. «Қымыз» атты тауарлық белгісі Қазақстаннан тыс жерлерде де танымал.
Біз өз жұмысымызда кәсіптік білім беруге ерекше мән береміз. Сондықтан биылғы байқауға Павлодар политехникалық колледжі де қатысуда. Ол облыс кәсіпорындары үшін жоғары білікті кадрларды даярлайды.
– Қалай ойлайсыз, байқауда жеңімпаз атануға кім үміткер бола алады?
– Біздің өңірді өте лайықты кәсіпорындар таныстырып отыр. Әрқайсысы байқауда жеңіске жетуге үміт арта алады деп сенемін. Жалпы, «Алтын сапа» байқауына қатысудың өзі – үлкен жетістік. Сонымен қатар, бұл кәсіпорындардың көбі бұған дейін «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауында марапатталған болатын.
– «Алтын сапа» байқауынан қандай нәтижелер күтесіз?
– Бұл байқау аймақтағы ең үздік кәсіпорындарды анықтауға мүмкіндік береді. Байқау критерийлері кәсіпорындардың мықты тұстарын және болашақта жетілдіру қажет бағыттарын көрсетеді. Кәсіпорындарды аралаған Кәсіпкерлер палатасының сарапшылық тобының бағалауы – бұл кәсіпорындардың республикалық деңгейде қоғамдық мойындауға лайық екенін дәлелдейді. Мұндай беделді байқауға қатысу – кәсіпорындарды өндірісті дамытуға, өнім сапасын арттыруға және өткізу нарығын кеңейтуге ынталандырады. Бұл мәселелер ЕАЭО мен ДСҰ жағдайында отандық бизнесті дамыту үшін аса маңызды.
– Байқауға қатысушыларға не тілейсіз?
– Барлық қатысушыларға жеңіс тілеймін! Қол жеткізген жетістіктермен шектелмей, өз саласында үздік болуға ұмтылсын. Мен де ұйымдастырушылардың бірі ретінде өз қатысушыларымызға жанкүйер болып отырмын. Павлодарлық кәсіпкерлерге осы беделді республикалық байқауда жеңіске жетуді тілеймін!