2006 жылғы 9 қазандағы №194 Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы негізінде Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы жыл сайын байқау негізінде тауарлар мен/немесе көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы елеулі жетістіктері үшін, сондай-ақ сапаны басқарудың жоғары тиімді әдістерін енгізгені үшін ұйымдарға табысталады. Өнім сапасы саласындағы жетістіктері үшін Қазақстан Республикасы Президентінің сыйлығын табыстау — жылдың маңызды оқиғаларының бірі болып табылады. Сыйлықты Қазақстан Республикасының Президенті өзі табыстайды, бұл байқаудың ел үшін айрықша маңызға ие екенін көрсетеді.









Сыйлық 2006 жылғы 9 қазандағы Қазақстан Республикасы Президентінің № 194 Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Президенті «Алтын сапа» сыйлығына үміткерлерді анықтау байқауы туралы» Қазақстан экономикасының жаңа моделін құру, отандық өндірісті дамыту және тауарлар мен қызметтердің сапасын үздіксіз арттыру мақсатында енгізілді. Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына үміткерлерді анықтау байқауы заманауи менеджменттің даму үрдістерін ескере отырып құрылды және Еуропалық сапа сыйлығы моделіне сәйкес келеді. Сонымен қатар, байқаудың критерийлері ТМД-ның өнімдер мен қызметтер сапасындағы жетістіктері үшін тағайындалатын сыйлығына сай келеді. Бұл байқауда басшылықтың жетекші рөлі, сапа саласындағы ұйымның саясаты мен стратегиясы, сондай-ақ тұтынушылардың өнімдер мен қызметтердің сапасына қанағаттанушылығы көрсеткіштерінің маңызы арттырылды. Модельді қолдану ұйымдардағы сапа бойынша жұмыстардың деңгейін тереңірек бағалауға мүмкіндік береді. «Алтын сапа» байқауына жыл сайын шамамен 200 кәсіпорын қатысады. Сыйлықты Қазақстан Республикасының Президенті табыстайды.
Қазақстан Республикасы Президентінің сыйлығына үміткерлерді анықтау байқауын ұйымдастырушы — Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен». Бұл байқау туралы ақпарат жыл сайын республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып отырады.
Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына үміткерлерді анықтау байқауын өткізу және лауреаттарды тағайындау ережелерінің негізгі ережелері
Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 9 қазандағы № 194 Жарлығымен бекітілген.
- Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы (ары қарай — сыйлық) жыл сайын байқау негізінде тағайындалады, бұл ұйымның өнімдер мен/немесе қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ сапаны басқарудың жоғары тиімді әдістерін енгізу саласындағы елеулі жетістіктері үшін беріледі.
Байқауға қатысушылар соңғы үш жыл ішінде шығарылған өнімдер немесе көрсетілген қызметтердің жоғары сапасын Комиссия алдында растауы тиіс. Ұйымдар келесі аталымдар бойынша қатыса алады:
- «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын»;
- «Халыққа арналған тауарларды өндіретін үздік кәсіпорын»;
- «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын»;
- «Азық-түлік тауарларын және/немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын».
Әр аталым бойынша үш сыйлық беріледі:
- шағын кәсіпкерлік субъектісі;
- орта кәсіпкерлік субъектісі;
- ірі кәсіпкерлік субъектісі.
Сондай-ақ, арнайы сыйлықтар тағайындалады: «Үздік индустриалдық жоба», «Үздік инновациялық жоба».
- Белгілі бір аталым бойынша сыйлық табысталғаннан кейін төрт жыл бойы қайтадан ұсыныс жасауға болмайды.
- Байқаудың ұйымдастырушысы жыл сайын ақпан айында бұл байқаудың өтетіндігі туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.
- Байқауға қатысушылар байқауға қатысу үшін құжаттарды ұйымдастырушыға Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен «Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына үміткерлерді анықтау байқауына қатысушылардың материалдарын рәсімдеу, ұсыну және алдын ала бағалау ережелеріне» сәйкес тапсырады.
- Сыйлықтың лауреаттары болған байқау қатысушыларына тиісті диплом, байқау эмблемасы және ақшалай сыйақы беріледі.
- Байқау лауреаттары туралы тізім бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
- Байқау лауреаттары сыйлық табысталғаннан кейін төрт жыл бойы сыйлық эмблемасын жарнамалық мақсатта пайдалану құқығына ие болады.