You are here

ТАҢҚУРАЙ ӨСІРЕТІН АҚТӨБЕЛІК КӘСІПКЕР БАЙҚАУҒА ҚАТЫСПАҚ

«Болат ЛТД» ЖШС – «Қазақстанның үздік тауары» конкурсына қатысу үшін алғашқылардың бірі болып өтініш білдірді. Серіктестік  бизнесін жаңа бастаған уақытта да аталған байқауда бақ сынап көрген болатын. 

2015 жылы «Болат ЛТД» ЖШС-нің алабынан ремонтантты сұрыпты таңқурайдың алғашқы өнімі жиналды. Ол кезде қазіргідей өндірістік көлем туралы ой болмаған. Алайда, тұтынушылардың сұранысы өскендіктен өсіру алаңдары 5-тен 25 гектарға дейін ұлғайтылды. Плантация тамшылатып суару жүйесімен жабдықталған.

«Біз Еуропадағы ең үздік сұрып саналатын «Полана» және «Полка» атты польшалық селекция көшеттерін өсіреміз. Таңқурайды күтіп-баптау оңай емес, алайда, оның бір маусымда әр түбінен 0,5 тен 6 келіге дейін жеміс беретіні қызықтырады. Бұталар алғашқы аяз басталғанға дейін жеміс береді. Жеміс бұталарының тозаңдануын жақсарту мақсатында 10 ара омартасын сатып алдық, қазіргі кезде аралардың ұясы 45-ке жетті. Нәтижесінде 2 тонна таңқурай балын аламыз, таңқурайдың өнімі 15% артты. Былтырғы жылы он гектардан 35 тонна жеміс алдық»,-дейді ЖШС директоры Данат Шураханов. 

Тәтті жидек Ақтөбе базарларында танылып үлгерген және халық арасында үлкен сұранысқа ие, себебі таңқурай мұздатылып, өңделгеннен кейін де жаңа піскен кезіндегі айрықша дәмі мен хош иісін сақтайды. Бүгінгі күні «Баттал ЛТД» ЖШС  - жидек шикізатын терең өңдеуді жүзеге асыратын және таңқурай тосабын дайындайтын Қазақстандағы жалғыз кәсіпорын. 2016 жылы ЖШС жанынан консервілеу цехы ашылды. 2017 жылы дайындалған тосап көлемі 16 тонна болды. Биыл 45 тоннаға жуық тосап консервілеу жоспарланып отыр. Сату нарығы Ақтөбе облысы, сондай-ақ Астана, Атырау, Ақтау, Орал қалаларын қамтиды. Бизнестегі негізгі серіктестер «Казстеклосервис» ЖШС, «Титов ат. НЧ КҚК ХК» ЖЖАҚ, «Анвар» ЖШС, «Лучшее решение» ЖШС, «Банкцентркредит» АҚ болып табылады. 

«Біз өндіретін жаңа піскен таңқурай мен таңқурай тосабы Ақтөбе облысының брендіне айналды. Біздің өніміміздің басты артықшылығы - еш қоспасыз жергілікті табиғи шикізатты пайдаланатынымыз. Сондай-ақ, Ақтөбе, Астана, Қызылорда, Орынбор, Алматы қалаларында өткізілетін ауыл шаруашылық жәрмеңкелеріне белсенді қатысып тұрамыз. 2016 және 2017 жылдың қорытындылары бойынша компания Ақтөбе облысының және Ақтөбе қаласы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Өңірлік Кәсіпкерлер палатасымен кеңес беру, ауыл шаруашылығы саласындағы нормативтік-құқықтық актілерге ұсыныстар енгізу және т.б. мәселелер бойынша тығыз қарым –қатынас жасаймыз», – деп атап өтті ЖШС директоры.

Қазіргі уақытта шаруашылық алаңында қопсыту, тыңайтқыштар себу, қорғаныш қабатымен жабындау мен басқа да ауыл шаруашылығы жұмыстары жүргізілуде. Компания маусымдық қызмет жасайтын болғандықтан штатта 15 адам жұмыс істейді. Егін жинау науқанында (3-4 ай) жергілікті жұмыссыз тұрғындар арасынан 100-150 адам уақытша жұмысқа алынады.

 «Болат ЛТД» ЖШС «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесіне биыл екінші рет қатысады.

 «Біз үшін бұл конкурстың мәні зор, қазірдің өзінде өнімдерді таныстыру түрлерін ойластырып жатырмыз. Биылғы жылы біз өз өнімдерімізді лайықты түрде көрсетіп, танымал компания атана аламыз деп ойлаймын», – дейді Данат Шураханов.

Кәсіпкерлер палатасының маманы Бауыржан Дарқұлов «Қазақстанның үздік тауарлары - 2018» байқауына  қатысу тегін және тиімді екенін айтады. Байқауда бизнес өнімдері қосымша тегін жарнамаға ие болады, кәсіби сарапшылардың бағасын алуға, сонымен қатар, пайдалы байланыстар орнатуға мүмкіндік бар.

Ақтөбеде «Қазақстанның үздік тауары» байқауының аймақтық кезеңі шілде айының үшінші жартысында өтеді. Астанадағы республикалық байқауға «Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздік кәсіпорын», «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын», «Қызметтер көрсететін үздік кәсіпорын» номинациялары бойынша 9 жеңімпаз қатысады.

Еске салсақ, Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына және «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесіне қатысуға ниет білдіргендер өтінімдер мен және материалдарды 2018 жылдың 1 шілдесіне дейін Өңірлік кәсіпкерлер палаталарына немесе www.altynsapa.kz сайтында электронды түрде жіберулері керек.

25 мамырда Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасында «Алтын сапа» сыйлығы және «Қазақстанның үздік тауары» конкурсы бойынша оқыту семинары өтеді. Оған кез – келген отандық тауар өндіруші немесе «Қазақстанда жасалған» белгісімен қызмет көрсететін кәсіпкерлік субъектісі қатыса алады.

Қосымша ақпарат алу үшін: +7 (7132) 744-611 (ішкі: 1509) телефон нөміріне хабарласуға болады.

Дата создания: 25 мамыр 2018

Видеоурок 21. Оформление онлайн-заявки на конкурс-выставку Лучший товар Казахстана

Премия "Алтын сапа" - 2021

Сілтемелер